Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Алла құранда: «Ескерт! Өйткені ескерту мүміндерге пайда береді», - деп айтты. (әз-Зарият сүресі, 55 – аят)
✅ ЖЕРІН САТҚАН, АРЫН САТАДЫ. АРЫН САТҚАН, БӘРІН САТАДЫ..
• Бұл бейнетаспа Мұхитдин Исаұлы ағамыздың өтініші бойынша жасалынды.
Әй, қазақ баласы! Бұдан кейін «бізді бүкіл әлем таныды» дегенді айтушы болма. Не болмаса «масқаралығымен» деген сөзді қосып айтшы. Мені осы күнге дейін «оралман» деп шетке қағып келіп едің. Енді өзің сол оралман деген атқа да зар болып, шерменде болып қаларсың. «Жер игерілмей жатыр» дейсің. Ширек ғасыр өткен соң есіңе түсті ме? Осы елде сол қазағың жер ала алмай жүр, ал сен осылай дейсің. Сол сатқан жерлеріңе «Байқоңырдай» кіре алмай, кірсең біз секілді келімсек болып жүрерсің.
Ертең-ақ қытай сатып алып, сол маңға өзінің 50 миллион құмырсқасын әншейін орналастырып қоршай салады. Сонда жастарыңның ұлын құл, қызын күң, қара жерін пұл қылады. Сол жерлерді қорғау үшін сонау ғұн мен сақтан бері қаншама жан опат болып, қанын төгіп жанын берді. Енді сен сол жерлерді ата-баба аруағының сүйектерін сырқыратып, шырқын бұзып сүйегімен қосып сатпақсың. Сатып та жатырсың.
Сол жерлерді пайдаланып бидай ексең жер бетінің үштен біріне нан жеткізер едің. Африка аш қалмас еді. Сонда ғана сені расымен «бүкіл әлем танитын еді». Бүгін бос қалған, қазаққа қимаған жерлерді сатасың, ал ертең астымыздағыны да сатасың. Ақыры сатады екенсің, бізді де қоса сат, жер сатылса біз қайда көшпекпіз. Сен қазақтың жерін сатсаң, мына қазақ қайда көшеді? Осы орыстың қазақтан он есе үлкен жерлері босқа жатыр, олар неге сатпайды, олар неге біздің жерге құмар болғыш?
Қарным аш дейсің. Сол жерді сатып халықтың қарнын тойдырғанмен көңілі тоя ма, ар-ожданы, иманы жайлана ала ма? Ең жаныма батқаны, сол «Қаймақтылар» арасында ұлтжанды болып, көрініп келгендер осындайда көрінбей қалғаны. Ей, ата-баба жерін сатқандар күллі ата-бабамның аруақтарының аттарынан бердім сендерге теріс батамды, екі дүниеде оңбаңдар, қасірет жұтып өлгендеріңде «Азат» жеріңнен бір уыс топыраққа зар болып өліңдер.
«Еділді алса - елді алар, Енді алмаған не қалар? Жайықты алса жанды алар, Жанды алған соң не қалар?". "Адыра қалғыр көк Жайық, Аңырап қалған қонысым! Қонысымнан ауған соң, Кетпегей еді ырысым. Таудағы тарлан бөрі едім, Тарылған сынды тынысым"», - Қазтуған жырау.
Атам қазақ: «Бүгін астыңдағы жеріңді сатасың, ертең қойныңдағы қатыныңды сатасың, артыңа еткен бала-шағаңды сатасың» деуші еді. Ал қазақтың мыңдаған жетім балалары, жерден бұрын Америка мен Еуропалықтарға сатылған жоқ па еді? Қайран қазақ осы қылығымызбен әлемге мазақ, өзімізге жан азап болды ау, жан азап, жан азап..
Я, Алла! Жері кеткеннің елі де бірге кетеді. Біз қазақ деген ат төбеліндей ғана елміз. Бұл күндері жүз миллионға жетуші едік бірақ мына отаршыл орыстың саясатына құрбан болдық. Бір кездері жанымызды алып еді, енді жерімізді алмақшы. Я, Алла! Ата-бабамның қасық қаны тамғанша қорғап келген мына жерімізді басқа біреудің қолына бере көрме! Я, Алла! Біз зар болып еңіреген ел едік, Сен бізге азаттық әпердің, біз қор болған халық едік, Сен бізге Егемендік нәсіп еттің, отыз екіде, ашаршылықта, желтоқсанда көкірегі шерге тұнған Алаш едік, Сен бізге Тәуелсіздікті құт етіп бердің. Енді қайта бізді қорлай көрме! Шерменде ете көрме! Тұғырымызды биік ет, халық арасынан қазаққа шын жаны ашитын жастарды көтер. Я, Алла! Өзіңнен басқа ешбір сүйенеріміз де жәрдем сұрарымыз да жоқ. Я, Алла! Әз Пайғамбарың аләйһис-сәләм және осы елдегі әулие ата-бабаларымның құрметіне дұғамды қабыл ет, әмин!
Мақала авторы: Мұхитдин Исаұлы.
P.S. Құрметті бауырлар, сіздерге хабарландыру жарияламас бұрын, халықтың арасындағы даудан сақтанып, қазақтың ауызбіршілігі мен тыныштығын аса маңызды санаймыз.
• Ашық хат: http://qamshy.kz/home/show/6022
Қазақстан билігі ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін 1,7 миллион гектар жерді шетелдіктерге сатпақ. Осыған қатысты қоғам қайраткерлері және ұлтжанды тұлғалар бірауыздан келісіп, Елбасының атына ашық хат жолдады. Хатта бос жатқан жер телімдерінің шетелдіктерге сатылуына қарсылық білдірілген. Сондай-ақ, бізде өзіміздің азаматтық борышымызды атқарып, жердің келімсектерге сатылуына қарсы екенімізді мәлімдейміз. Осыған орай Елбасыға жолданған ашық хатқа қолдау ретінде және сөзіміз құзырлы орын қызметкерлерінің құлақтарына жетсін деген ниетпен сауалнама жүргізейік. Ұлттың болашағына қатысты мәселе болғандықтан, бейжай қарамай көптеп таралуына атсалысуларыңызды сұраймыз.
ҰЛТЖАНДЫ БАУЫРЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫ ✔